Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жариялаған Ғаламдық инновация индексінде (129 ел ішінде ) 79-орынды иеленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бес сатыға төмен.
Рейтинг жасау кезінде ондаған параметр ескеріледі. Оның ішінде патент алу үшін түсірген арыз саны, инновацияны ойлап табу мен оны енгізуге жұмсалған қаражат сынды жайттар назарға алынады. Үкіметтік онлайн-сервистерді дамытуға жұмсалатын қаржы бойынша Қазақстан - 32-орында, бағдарламалар жүйесі бойынша 120-орында, білімге жұмсалатын қаржы бойынша - 105-орында тұр. Тізімде Қазақстаннан өзге Орталық Азияның екі елі - Қырғызстан (90-орында) мен Тәжікстан (100-орында) бар.
Рейтингке барлығы 129 ел енген. Бірінші орында Швейцария, одан кейін Швеция, АҚШ, Нидерланды мен Ұлыбритания тұр. Ал постсоветтік елдер арасында жетекші орында Ресей (46-орында), Украина (47-орында) және Грузия (48-орында) тұр.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы - саясат пен өзара серістестік, зияткерлік меншік саласында ақпарат беріп, осы салада қызмет көрсететін ғаламдық форум. БҰҰ-на қарасты ұйым өзін-өзі қаржыландырады.