Fox News телеарнасы тілшісі Крис Уоллестің Ресей президенті Владимир Путинмен сұхбаты АҚШ-тағы "Эмми" сыйлығына номинант атанды. Бұл телеарна тарихындағы алғашқы номинация. Уоллес жаңалық және деректі фильм саласындағы "Тікелей эфирдегі сұхбат" (Outstanding Live Interview) номинациясы бойынша сынға түспек. Бұл номинация бойынша барлығы алты үміткер бар.
Тілші Ресей президентінен былтыр Хельсинкиде АҚШ-Ресей саммитінен соң сұхбат алған. Ол кезде АҚШ президенті Дональд Трампты кей демократтар жиын кезінде Кремльдің АҚШ-тағы сайлау процесіне араласуын айтпағаны үшін сынаған.
"Эмми" - америкалық ең беделді телевизиялық сыйлық. Оны Америка телевизия академиясы, Телевизиялық өнер және ғылымның ұлттық академиясы мен Халықаралық телевизиялық академия сынды үш ұйым беретін сыйлық.
Жеңімпаздарды жариялап, сыйлықты табыс ету рәсімі биыл 24 қыркүйекте өтеді.