Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің қызметі жайлы елдегі кейбір телеарналар көрсеткен фильмге байланысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада мұндай іс-әрекеттерге жол беруге болмайтыны туралы ескерту айтылған.
"Бұл жарияланым мен телевизиялық материалдар авторлары өз ісі мен оның салдарын толық түсініп тұрған жоқ. Осыған байланысты комитеттің авторға қоғамда шиеленіс тудыруы ықтимал әрекеттерге жол беруге болмайтыны туралы ескерту жасауға құқығы бар" делінген хабарламада.
МҰҚК бұған дейін Құрманбек Бакиев пен оның туыстарына ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған деген айыптар тағылып, сот үкімі шыққанын еске салған. Қазір айыпталушылардың барлығына іздеу жарияланған. Олардың арасында 2010 жылы 7 сәуірде болған оқиғаларға, кісі өлтіру, жемқорлық және рейдерлікке байланысты тағылған айыптар бар. Сот айыпты деп танығандардың барлығына іздеу жарияланған.
30 шілдеде Қырғызстандағы NewTV және NurTV телеарналары елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің қызметі туралы деректі фильм көрсеткен. Әлеуметтік желі қолданушылардың бір бөлігі оны "Бакиевті ақтауға тырысу" деп бағалаған. Бұған дейін Азаттықтың Қырғыз қызметіне бұрынғы президенттің туыстары 1 тамызда 70 жасқа толатын Құрманбек Бакиевтің мерейтойы құрметіне деректі фильм әзірленіп жатқаны жайлы айтқан еді.
Қырғызстанда 2010 жылы 7 сәуірде жаппай наразылық кезінде тұрғындар президент Құрманбек Бакиевті елде отбасылық-кландық басқару орнатты деп айыптап, қызметінен тайдырған. Халық толқуынан сескенген Бакиев сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жіберген ұшақпен Қазақстанға келіп, әрі қарай Белорруссияға кеткен.
Қырғызстан соты Құрманбек Бакиевті 2010 жылғы сәуір оқиғасы кезінде құрбан болғандардың қазасына айыпты деп танып, оны 30 жылға бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған. Сәуір оқиғасы кезінде кемінде 87 адам қаза тауып, ондаған азамат жараланған.
Бакиев қазір Беларуссияда тұрып жатыр. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды.