Қазақстанның Бас прокуратурасы Нұр-Сұлтан мен байланыс операторлары орнатуды ұсынып жатқан "қауіпсіздік сертификаты" жайлы пікір білдірді. Ведомство мәлімдемесі прокуратураның ресми сайтында бүгін, 1 тамызда жарияланды.
Прокуратура "сертификат электронды құрылғыларды әлдекімнің "бұзып кіруінен", кибершабуыл мен вирустан сақтайды" деп, биліктің бұған дейінгі мәлемдемесін қайталаған.
Бас прокуратура сертификат орнату ұсынысы пайда болғаннан бері азаматтардың "ықтимал аңду туралы пікір айтуы тыйылмай жатқанын" жазады.
Ведомство Қазақстан мемлекет азаматтардың "жеке өмірге қолсұғылмаушылыққа, жеке басы мен отбасы құпиясына, хат алмасуға, телефон арқылы сөйлесуге, хабарларға конституциялық құқықтардың сақталатынына кепілдік беретінін" айтып, мұны бұзғандар "жауапқа тартылатынын" ескертеді.
Мәлімдемеде "Бас прокуратура басқа мемлекеттік органдармен бірге мұндай заңбұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлілерге тиісті шаралар қабылдайды" деп жазады.
Қазақстан заңнамасы бойынша, ақпараттық ресурстар мен жүйелерге заңсыз кіру немесе телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу, өзгенің хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу – қылмыс.
Биыл шілденің ортасынан бері қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан "интернетке кіру мәселесі туындамас үшін" арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған. Сертификаттың ресми атауы - QazNet Trust Network. Операторлар мұны "кибер шабуылды алдын алу шарасы" деп атайды. Нұр-Сұлтанның өзі "сертификаттың кибершабуыл мен теріс контенттен қорғайтынын, оны орнату туралы түпкілікті шешімді әр азамат өзі қабылдайтынын" айтумен келеді. Бірақ QazNet сертификатынан бас тартқандар көптеген әлеуметтік желі мен пошта жүйесіне кіре алмауы мүмкін деген ақпарат та бар.
Биліктің сертификатты жаппай енгізу талпынысынан кейін Нұр-Сұлтан жергілікті және халықаралық ұйымдар мен белсенділердің сынына қалды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер сертификаттан орнатқан соң "билік цензураны күшейтеді" деп қауіптенеді. Олар "билік осы сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отырғысы келеді" деп топшылайды. Кейбір белсенділер билік бастамасына наразылық білдіріп, астанада жалғыз адамдық акция өткізген. Сертификатқа наразылық білдіру үшін митинг өткізбек болғандарға Нұр-Сұлтан әкімдігі рұқсат етпеген.
Халықаралық ұйымдар мен басылымдар да Қазақстан билігін сынға алды. "Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық журналистерді қорғау ұйымы сертификат орнату ұсынысын "азаматтарды бақылауда ұстау мүмкіндігін күшейтуге талпынысы" сияқты көрінетінін айтады. Комитет жариялаған блог авторы Мадлин Эрп Нұр-Сұлтанның вебтрафикті қадағалау әрекетін "цензура мен аңдудың жаңа бір түрі" деп атаған.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік сертификаты неге күмән туғызады?
Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының әлемдегі интернет еркіндігінің деңгейі туралы есебінде Қазақстан 2018 жылы 65 елдің ішінде 46-орында тұрған. Freedom House Қазақстанды "әлеуметтік желілер мен коммуникациялық платформаларды жиі бұғаттайтын" елдер қатарына жатқызады.