Сот «діни алауыздықты қоздырды», «терроризмді насихаттады» деп сотталған 36 жастағы Жанна Өмірованың өзін шартпен босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Азаттыққа Өмірованың өзі хабарлады.
Алматы облыстық Іле аудандық сотының көшпелі соты Алматы іргесіндегі Жауғашты ауылында орналасқан ЛА-155/4 мекемесінде (әйелдер түрмесі) өтті. Шешімді Іле аудандық сотының төрағасы, судья Ертарғын Сәдуақасов шығарды. Ол ешкім қарсылық білдірмесе, шешім 15 күн ішінде күшіне енетінін айтты.
Өмірованың сөзінше, сот кезінде оның өтінішіне прокурор қолдаған. Өтінішті әйелдер түрмесі әкімшілігінің қызметкері таныстырған. Ол сотталған Өмірованың тәртібіне оң баға берген. Жазаны жеңілдету туралы шешім қабылданғанын Азаттыққа әйелдер түрмесінің басшысы подполковник Думан Рахымов растады.
Өмірова жазаны жеңілдету туралы өтінішті 2018 жылдың желтоқсанында да түсірген. Тап осы судья Сәдуақасов сол кезде арызды қанағаттандырмаған. Биыл наурызда Алматы облыстық сотының апелляциялық коллегиясы Іле аудандық сотының шешімін күшінде қалдырып еді.
Кәмелетке толмаған екі баласы бар Жанна Өмірова 2017 жылдың маусымында «діни алауыздықты қоздырды», «терроризмді насихаттады» деген айыппен бес жылға түрмеге кесілген. Екі айдан соң апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Жазаны өтеу мерзімі Өмірова ұсталған күннен – 2017 жылдың 24 қаңтарынан бастап есептеледі. Жаза 2022 жылдың 23 қаңтарына дейін тағайындалған. Өмірованың күйеуі Жақшыбек Бимурзаев «терроризмді насихаттады» деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына он жылдан асқан.
Осындай айып тағылған өзге азаматтар ісі сияқты Өмірованың ісін де Ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеп еді. Соңғы бірнеше жылда өздерін билік «дәстүрлі емес» деп тапқан ағымдар өкілі санайтын ондаған қазақстандық терроризм не терроризмді насихаттау бабымен сотталған. Қазір Алмалы аудандық сотында WhatsApp мессенджерінде алмасқан хаттарынан соң тап осындай айып тағылған 27-40 жастағы сегіз ер адамның ісі қаралып жатыр.
2016 жылы Ақтөбе мен Алматыдағы бірнеше адамның өмірін жалмаған қарулы шабуылдарға билік «дәстүрлі емес радикалды діни ағым өкілдерін» кінәлаған соң Қазақстанда діни азшылық өкілдерін бақылау күшейіп еді.
Кейбір құқық қорғаушылар пікірінше, билік қылмыстық кодекстің кейбір тұсын, оның ішінде араздық қоздыру, терроризмді насихаттау және экстремистік ұйым қызметіне араласу сияқты баптарды «өзгеше ойлатындармен күрес» үшін пайдаланады. Билік бұл баптардың саяси астары барын жоққа шығарады және «барлық істе қылмыс құрамы барын» айтады.