Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған тергеу соты 5 тамызда "экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" деген күдікке ілінген Серік Жахин мен Гүлмира Халықоваға бұған дейін тағайындалған бұлтартпау шарасын тағы бір айға созды.
Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары Серік Жахин, Гүлмира Халықова мен Ақмарал Керімбаева биыл Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауы алдындағы митингілерден соң сот шешімімен 9 маусымда қамауға алынған.
62 жастағы Серік Жахин тергеу абақтысында отыр. Жақтастары жуырда қарт анасы қайтыс болған Жахинды билік орындары жерлеу рәсіміне жібермегенін айтты. Сот Серік Жахинды қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы сот қаулысын оның қатысуынсыз шығарды.
50 жастағы белсенді Гүлмира Халықова екі айдан бері үйқамақта отыр. Судья Сәрсекеев белсендіні үйқамақта ұстау шарасын ұзартуға Нұр-Сұлтан полиция департаментінің тергеушісі Р. Жұмахметовтің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 14-департаменті тағайындаған техникалық криминалистік зерттеу қорытындысын күту қажеттігі туралы жазған өтініші негіз болғанын айтты.
Іс материалдары бойынша, Гүлмира Халықованың үйін тінту кезінде Қазақстан тулары табылған. Тергеушілер Халықова Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын насихаттаған посттар жазған дейді. Дәл осындай айып Ақмарал Керімбаеваға да тағылған.
Алматы қаласында да ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам абақтыға қамалған.
Бұған дейін дүйсенбі күні Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді билікті Серік Жахин, Гүлмира Халықова мен Ақмарал Керімбаеваны, сонымен бірге ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікпен Алматының тергеу изоляторына қамалған үш әйелді қамаудан босатуға шақырған.
2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану және тыйым салуды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. Ақорданы сынаушы қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған қозғалыс материалдарын таратуға да тыйым салынды. Әблязов "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны" жүзеге асыруды мақсат тұтатын қозғалыс құрылғанын 2017 жылы сәуірде жариялаған еді. Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді.
Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.
Ресми мәлімет бойынша, 9-12 маусым күндері Қазақстанның екі ірі қаласында ҚДТ шақырған рұқсат етілмеген митингілерге қатысқан төрт мыңға жуық адам ұсталған. Жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамалған.