Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті "қауіпсіздік сертификаты" алдағы уақытта өшірілетінін мәлімдеді. ҰҚК жеке құрылғылар мен ұялы телефондардан сертификатты алып тастау жолдарын жақын арада сайттарына жариялайтынын хабарлады.
ҰҚК мәлімдеуінше, "Qaznet серификаты сынақ болған және бұл тест сәтті аяқталған".
"Ақпараттық қауіпсіздікті реттеу ұлттық орталығы соңғы айда мемлекеттік органдарға, жеке компанияларға қарсы 8 миллионнан астам вирус және 130 мың кибер шабуыл жасалғанын анықтады" деп жазылған ҰҚК мәлімдемесінде.
Комитет қауіпсіздік сертификатын енгізу кезінде туындайтын мәселелер мен байланыс операторларының жұмысына әсерін де тексергенін хабарлады. ҰҚК сертификаттың байланыс операторларына қалай әсер еткенін ашып жазбаған.
Комитет алдағы уақытта ұлттық қауіпсіздікке кибер шабуыл жасалған жағдайда халыққа ескертіп, сертификатты қолданатынын мәлімдеді.
Биыл шілденің ортасынан бері қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан "интернетке кіру мәселесі туындамас үшін" арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған.
Сертификаттың ресми атауы - QazNet Trust Network. Операторлар мен Қазақстан билігі мұны "кибер шабуылды алдын алу шарасы" деп атаған.
Билік "сертификаттың кибершабуыл мен теріс контенттен қорғайтынын, оны орнату туралы түпкілікті шешімді әр азамат өзі қабылдайтынын" айтып келген. Бірақ QazNet сертификатынан бас тартқандар көптеген әлеуметтік желі мен пошта жүйесіне кіре алмағанын айтып шағымданған.
Биліктің сертификатты жаппай енгізу талпынысынан кейін Нұр-Сұлтан жергілікті және халықаралық ұйымдар мен белсенділердің сынына қалды.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік сертификаты неге күмән туғызады?
Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер сертификаттан орнатқан соң "билік цензураны күшейтеді" деп қауіптенеді. Олар "билік осы сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отырғысы келеді" деп топшылайды. Кейбір белсенділер билік бастамасына наразылық білдіріп, жалғыз адамдық акция өткізген. Бұл кейін желіде қарсылық флешмобына айналған.
Бірнеше заңгер байланыс "қауіпсіздік сертификатын" орнату хабарламасын жіберген байланыс операторларының үстінен шағым түсірді.
Халықаралық ұйымдар мен батыс басылымдары да Қазақстан билігін сертификат үшін сынға алды. "Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық журналистерді қорғау ұйымы сертификат орнату ұсынысын "азаматтарды бақылауда ұстау мүмкіндігін күшейтуге талпынысы" сияқты көрінетінін айтады. Комитет жариялаған блог авторы Мадлин Эрп Нұр-Сұлтанның вебтрафикті қадағалау әрекетін "цензура мен аңдудың жаңа бір түрі" деп атаған.
АҚШ-тың Мичиган университетіндегі Censored Planet зерттеу тобы Qaznet сертификатын тестілеуден өткізіп, оның қорытындысын жариялаған.Зерттеушілер сертификаттың қолданушы мен веб-ресурстар арасындағы ақпарат алмасуға араласу, трафик ұрлау, контентті мофицикациялау және қолданушыны аңду тәрізді функциялары бар екенін анықтаған.