7 тамызда Семейде жергілікті белсенділер Толқын Шауалиева мен Қуат Уәлиев осы қаладағы түзеу мекемесінде сот жазасын өтеп жатқан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке бостандық беруді талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізді. Бұл туралы Азаттыққа Семейден белсенді Роллан Машпиев хабарлады.
Белсендінің айтуынша, Толқын Шауалиева Семей прокуратурасының алдына, ал Қуат Уәлиев қалалық №2 соты ғимаратының қасына "Мұхтар Жәкішевке бостандық талап етемін!" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. "Бір сағаттан астам уақытқа жалғасқан акцияны билік өкілдері бұл жолы да сырттай бақылап, ешқандай сұрақ қойған жоқ" дейді Машпиев. Акция аяқталған соң белсенділер тараған.
Бұған дейін, 5 тамызда семейлік белсенділер Кенжебек Сұлтанбеков пен Әлия Исенова қалалық прокуратура мен №2 сот алдында Мұхтар Жәкішевті қолдап, наразылық акциясын өткізген.
24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды сұраған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жергілікті белсенділер Жәкішев пен қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқындар тізіміне енгізген өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етіп акциялар өткізген. Бұған дейін мұндай акцияларға шыққандарды дереу ұстап әкететін билік соңғы кездері пикетке шыққандарды ұстамай, тек сырттай бақылаумен шектелді дейді белсенділер.
Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.
Оқи отырыңыз: Семей соты Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатпады
Биыл 56 жасқа толған Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.
Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.