Өзбекстанның Самарқанд облысының басшылығы Malibu-2 және Captiva автокөліктерінің иелерін "Шарк тароналари" фестивалі кезінде қонақтарға тегін қызмет көрсетуге міндеттеді. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
Шығыс әуендеріне арналған фестиваль 23-30 тамыз аралығында өтеді.
Жергілікті тұрғындардың бірі бұған наразылық білдірді. "Бір апта бойы 30 мың доллар тұратын қымбат көлікпен қонақтарға тегін қызмет көрсетуім керек. Маған бұл ұнамайды" деді ол.
Жергілікті блогер Мирзо Субхоновтың хабарлауынша, 22 шілдеде облыс басшысы "ұйымдар мен заңды тұлғаларға тиесілі қымбат автокөліктерді тегін пайдалану туралы" №07-01/135 қаулы қабылдаған. Блогердің сөзінше, қаулыға сәйкес, жергілікті тұрғындардың Malibu-2 және Captiva автокөліктерін бір апта бойы тегін пайдалану қарастырылған.
"Бірақ фестиваль қонақтарын күтіп алуға ақша бөлінген, тұрғындарды оған мәжбүрлеуге болмайды" деді блогер.
Дәстүрлі "Шарк тароналари" халықаралық музыка фестивалінің ашылу салтанатына ЮНЕСКО бас директоры Одре Азуле қатысады. Бұл фестиваль 1997 жылдан бері екі жылда бір рет өтеді.