7 тамызда қазақстандық белсенді, «Қаһарман» адам құқығын қорғау қозғалысын құрушылардың бірі Әлия Ізбасарова Нұр-Сұлтандағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының алдында бір адамдық пикет өткізді. Ол қолына «Бейбіт тұрғындарды емес, ағаш отырғызыңыздар» (Сажайте деревья, а не мирных людей) деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Плакатқа Сібір орманында әлі жалғасып жатқан өрттің және ресейлік полицейлердің адамдарды ұстап жатқан фотолары жапсырған.
Ізбасарова Ресей билігінен адамдардың құқығын қорғауды, бейбіт митингіге шыққандарды ұстамауды, Сібірдегі орман өртін сөндіруді сұрады.
«Ресей билігі ойын айқысы келген өз халқына қысым жасап жатыр. Қазір Ресей де, Қазақстан да экологиялық, әлеуметтік, экономикалық апаттың алдында тұр. Олар бұл мәселені шешкеннің орнына бар күшін талабын айтқысы келген халықты ұстауға жұмсап жатыр» деді ол.
Маусымда Әлия Ізбасарованың бауыры Әлімжан Ізбасаровты қоғамның қарсылығына қарамастан әскерге алып кеткен. Ол 1 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен билікке қарсы наразылық шарасына қатысып, 15 күнге қамалған.
Мәскеудегі наразылық шарасы кезінде ұсталғандарды қолдау үшін белсенді Данияр Хасенов те 7 тамызда Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайы алдында бір адамдық акция өткізді.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің митингіге реакциясы
Қазақстан билігіне халықаралық ұйымдар мен қоғамның сыны күшейген тұста елде бір адамдық пикеттер мен қарсылық шаралары көбейді.
Мамыр-маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы өткен наразылықта полиция адамдары күшпен ұстаған. Бес мыңға жуық адам ұсталып, жүздеген адам жазаланған.
Ал Мәскеуде 27 шілде және 3 тамызда халық биліктен Мәскеу думасына тәуелсіз кандидаттарды тіркеуді талап етіп наразылыққа шыққан. Полиция наразылыққа келгендерді күшпен ұстаған. Батыс елдері Ресей полицейлерінің әрекетін сынға алды.