Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың қызы Алия Шагиева әкесінің ұсталмағанын айтты. Ол Instagram парағында «Біріншіден, әкем ешқайда қашқан жоқ. Ешкім оны ұстаған жоқ. «Ол қауіпсіз жерде» деген сөз – жалған. Ол Қой-Ташта» деп жазды.
7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы бастаған. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті операция әлі жалғасып жатқанын хабарлады. Атамбаев жақтастарының сөзінше, бұрынғы президент үйінің ішінде отыр.
Оқи отырыңыз: Атамбаевты ұстау операциясында он шақты адам жараланды
27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.
Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.
Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.