Қырғыз милициясы 9 тамызға қараған түні Бішкекте бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың жақтастарын тарату үшін жас ағызатын газ шашып, пиротехникалық гранат қолданды. Қырғызстандық "Апрель" жекеменшік телеарнасы оқиға орнынан тікелей трансляция жүргізді.
БАҚ-тың хабарлауынша, шеруге шыққандар журналистерге тас лақтырған. Құқық қорғау органы қызметкерлері наразыларды орталық алаңнан көрші көшелерге ығыстырып тастаған.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің видеосы. Бішкек, 8 тамыз 2019 жыл:
Бұған дейін 62 жастағы Алмазбек Атамбаев жұртты Бішкекте мерзімсіз шеруге шығуға шақырған.
8 тамызда қырғыз милициясы елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты Бішкектің ігресіндегі Кой-Таш ауылындағы үйінен ұстап әкеткен. Арнайы жасақ экс-президент пен жақтастары бекінген үйге басып кірген. Екі жақ арасындағы келіссөздерден кейін Атамбаев берілген. Ауылдан шығар жолды бөгеген Атамбаевтың жақтастары оны әкетіп бара жатқан көлікті шығармауға тырысып, милиция өкілдеріне тас лақтырды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі.
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп жеткізу үшін 7 тамыз кешкісін Кой-Таштағы үйіне барған. Ол кезде күштік құрылымдар Алмазбек Атамбаевты үйінен әкете алған жоқ. Операция кезінде "Альфа" арнайы жасағының мүшесі Усен Ниязбеков қаза тапқан.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 және 8 тамыз күндері 98 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Қақтығыстар кезінде зардап шеккен күш құрылымдарының 11 қызметкері әскери госпитальге, тағы 13 адам ауруханаға жатқызылған. 83 адамды амбулаториялық ем қабылдауға жіберген.
Бұған дейін Қырғызстан тергеу орындары Атамбаевтан 2013 жылы кәнігі баукеспені түрмеден заңсыз босату туралы қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап алмақшы болып үш мәрте шақыртқан. Атамбаев тергеу орындарына барудан бас тартқан. 27 маусымда қырғыз парламенті елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырып, кейін оған жемқорлық айыбы тағылған.
8 тамызда парламенттің кезектен тыс отырысында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков "Атамбаев енді ауыр қылмысқа күдікті саналады" деп мәлімдеген.