16 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесі бюросының жиынында парламент мәжілісіндегі партия мандаты Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықоваға, актер Нұрлан Әлімжановқа, Екібастұз әкімі Нұржан Әшімбетовке, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбековаға берілді.
Енді бұл мандаттарды Орталық сайлау комиссиясы қабылдауы тиіс.
Әнші әрі актер Нұрлан Әлімжанов Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Балалық шағымның аспаны", "Елбасы жолы", "Тығырықтан жол тапқан" фильмдерінде Назарбаевтың рөлін сомдаған. Ал Әбдіхалықова мен Омарбекова бірнеше жылдан бері үкіметте жұмыс істеген. Әшімбетов Павлодар облысындағы аудандарды, Павлодар қаласын басқарған.
"Нұр Отан" жиынында партия төрағасы Назарбаев алда болатын (заң бойынша 2021 жылы өтуі тиіс - ред.) парламент сайлауына дайындалуды, 21 тамызда партияның кеңейтілген жиынын өткізуді тапсырды.
Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыз айында президенттіктен кеткен, бірақ ол биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікте қалған. "Нұр Отан" партиясы мәжілістегі басым орынға ие. Үкімет мүшелері, әр аймақтың әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер Назарбаев басқаратын партияның мүшесі. Сарапшылар "Нұр Отанды" Қазақстанның саяси өміріне монополия орнатқан билік партиясы" деп сынайды.
Оқи отырыңыз: "Нұр Отан" партиясының 20 жылдағы эволюциясы
Назарбаевтың орнына президент болып, "Нұр Отанның" мүшесі Қасым-Жомарт Тоқаев келген. 9 маусымдағы сайлауда ол 70 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткен. Сайлау өткен күні елде билікке қарсы жаппай наразылық шарасы өтіп, полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған. Халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні полицейлердің халықты жаппай ұстауын сынаған.