Түрлі қылмыстық іс бойынша қамауда отырған сегіз белсенді саяси тұтқын деп танылды. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Төреғожинаның айтуынша, мұндай шешімді кеше, 21 тамызда құрамына жергілікті құқық қорғаушылар кіретін сарапшылар кеңесі қабылдаған.
Саяси тұтқындар тізіміне жаңа қосылғандар қатарында биыл мамырда өткен митингілерге қатысқан белсенді Әнуар Әшірәлиев, көп балалы әйел Оксана Шевчук, жалғызілікті әйелдер Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуова, сондай-ақ 9 маусымда сайлауға бойкот жариялауға шақырған Серік Жахин бар. Олар тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қызметіне қатысы бар деп күдікке ілінген. Митингіге үндеді деген айыппен биыл шілдеде тергеу изоляторына қамалған оставкадағы полиция майоры Болатхан Жүнісов те саяси тұтқындар тізіміне енгізілді.
"Жер тағдыры" қоғамдық қозғалысының лидері Қайырлы Омар мен Жаңаөзендегі жұмыссыздар қозғалысының белсендісі Ержан Елшібаев та саяси тұтқын деп танылды.
Қазақстанда мұндай тізім алғаш рет 2013 жылы 31 мамырда жасалған. Ол тізімде әуелгіде алты адам бар еді. Кейін саяси тұтқын деп танылғандар саны елуден асып, тізім жыл сайын жаңарып отырды.
Қазақстанда шілдеден бері белсенділер өздері саяси тұтқын деп таныған азаматтарды биліктен босатуды талап етіп, акция өткізіп жатыр. Саяси тұтқындарды босату талабы шілде соңында Семей соты 10 жылдан аса уақыттан бері қамауда отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы директоры Мұхтар Жәкішевті босатпаған соң жиілеген.
Халықаралық ұйымдар да Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатуға шақырған. Бірақ Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.