25 тамыз күні Шымкент қаласында бірнеше жергілікті белсенді 2016 жылғы сәуірде Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсы шеруге шыққаннан кейін көп ұзамай қамауға алынып, кейін бес жылға сотталған белсенді Макс Боқаев пен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етіп акция өткізді.
Жексенбі күні таңертең Шымкенттегі Абай саябағына жиналған жиырмаға жуық адам "Макс Боқаев. Сөз бостандығына шектеу жоқ", "Қайырлы Омарға бостандық", "Серік Жахинге бостандық", "Саяси тұтқынды тоқтат", "Мұхтар Жәкішевке бостандық. Барлық саяси тұтқындарға бостандық" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
Биылғы тамыздың басынан бері Шымкентте бейбіт митинг өткізу туралы екі мәрте берген өтінішін жергілікті билік қанағаттандырудан бас тартқан белсенді Нұржан Мұхаммедов акцияға қазір түрмеде отырған Макс Боқаевтың суретін ұстап шықты.
- Саяси тұтқындарды босатумен бірге биліктен сөз бостандығын шектемеуді талап етемін. Біз демократиялық елде өмір сүріп жатырмыз. Ой-пікірімізді ашық айтуға құқылымыз. Диктаторлық режимге қарсымыз, - деген Мұхаммедовтің талабын өзге белсенділер қайталады.
Белсенділер биыл көктемде президенттік өкілетін мерзімінен бұрын кенеттен тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың осы аптада өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясы жиынында мемлекеттен көмек сұраған қазақстандықтарды сөгіп, "екі сиыр сатып алып, сүтін сатып күнкөру" туралы айтқан сөзін сынады. Сонымен бірге белсенділер Қазақстан үкіметінен әлеуметтік жәрдемді ұлғайтуды талап еткен көп балалы аналардың кейбіріне іс қозғап, тергеуге алған биліктің іс-әрекетіне наразылықтарын білдірді.
"Қазір көп балалы аналарды қудалап жатыр. Ертеңгі күні балаларымызды соттамайтынына кім кепіл? Биліктің отставкаға кетуін талап етемін" деді белсенді Жанмұрат Аштаев.
Белсенділер шамамен бір жарым сағат бойы өз ой-пікірлерін айтқан соң тарады. Оларды полиция қызметкерлері сырттай қадағалап тұрды.
Өздерін әкімдік қызметкеріміз деп таныстырған екі адам белсенділерге "бұл шара - заңсыз" деп, бейбіт жиын, митингілер мен шерулер өткізудің тәртібін түсіндірді. Шымкенттегі Абай аудандық прокурорының көмекшісі Ғани Әлікешов белсенділерді тарауға шақырып, әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертті. Белсенділер шамамен бір сағаттан астам бойы өз ой-пікірлерін айтқан соң тарады. Оларды сырттай бақылаған полиция қызметкерлері ешкімді ұстаған жоқ.
Қазақстан қалаларында соңғы бірнеше аптада билікке саяси тұтқындарды босату туралы талап қойған белсенділер акциялары өтіп жүр. Оған қатысушылар 2006 жылы жазда Алматы іргесіндегі Шаңырақ оқиғасынан соң ұзақ мерзімге түрме қамалған диссидент ақын Арон Атабекті, 2009 жылдан бері қамауда отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті, 2016 жылы көктемде Атыраудағы "жер мәселесі" туралы наразылық шеруінен соң сотталып, қазір абақтыда жазасын өтеп жатқан белсенді Макс Боқаев, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчукті, жалғызбасты аналар Жәзира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерованы, Нұр-Сұлтанда қамауда отырған Серік Жахин, Гүлмира Халықова мен Ақмарал Керімбаеваны және қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" тізіміне енгізген өзге де азаматтарды босатуды талап етеді.
Қазақстанда "саяси астармен" жауапқа тартылғандарын барын халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Еуропарламент те айтқан. Бірақ Қазақстан билігі елде "саяси көзқарасы мен азаматтық позициясы үшін сотталғандар жоқ" деуден танбай келеді.