Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин алдағы айдың басында сенат пен мәжілістің бірлескен жиынын шақыру туралы өкімге қол қойды. Құжатта "Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2019 жылғы 2 қыркүйекте сағат 11-ге шақырылсын" деп жазылған.
Парламент төртінші сессиясының жұмысын биыл 5 шілдеде, Арыс қаласында әскери қоймада болған жарылыс салдарын жою шаралары қолға алынған кезде аяқтаған болатын. Арыстағы жарылыс салдарынан төрт адам мерт болып, ондағы адам зардап шекті.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 тамызда Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында 2 қыркүйекте халыққа үндеу жолдап, онда үкімет пен парламентке жеке тұлғаға қарсы жасалған кей ауыр қылмыс түрлеріне, соның ішінде зорлау қылмысы үшін жазаны қатаңдатуды тапсыруды жоспарлап отырғанын жазған. Бұл биыл наурызда президент міндетін атқаруға кіріскен Тоқаевтың осы қызметтегі алғашқы жолдауы болмақ.
Наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарып, өз орнына сол кездегі парламент сенатының төрағасы Тоқаевты қалдырып кеткен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 21 тамызда өзі басқаратын "Нұр Отан" саяси партиясының жиынында сөйлеген сөзінде жала жапқаны үшін жазаны қатаңдату қажет деп мәлімдеген.
Қазақстан заңында "жала жабу" және "көрiнеу жалған ақпарат тарату" қылмыс болып саналатыны жазылған. Сонымен бірге заңда әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру да қылмысқа жатады деп көрсетілген.
Құқық қорғаушылар Қазақстан билігінің Қылмыстық кодекстегі мазмұны бұлыңғыр жазылған осы баптарды және тағы бірқатарын жақтырмайтын адамдарды қудалауға жиі қолданатынын айтады.
Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін Қылмыстық кодекстен "жала жабу" бабын алып тастауға бірнеше рет шақырған.
Соңғы жылдары Қазақстанда ондаған азаматтық белсенді, журналистер, блогерлер мен түрлі діни қауым өкілдері Қылмыстық кодекстің 174, 274 және 130-баптары ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру", "Көрінеу жалған ақпарат тарату", және "Жала жабу") бойынша айыпты деп танылып, сотталған.