Алматыда өткен пикетте "саяси тұтқындарға" бостандық талап етті

"Саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен пикетке қатысушылардың бірі. Алматы, 27 тамыз 2019 жыл.

27 тамызда Алматыда Жібек жолы көшесінде 10 шақты азамат жалғыз адамдық пикет өткізіп, биліктен "саяси тұтқындарға" бостандық талап етті. Олар "Мұхтар Жәкішевке бостандық", "Арон Атабекке бостандық" деген сөздері бар және құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған 18 адамның есімі жазылған плакат ұстап шықты.

– "Бізде саяси тұтқын" жоқ дейді. Өтірік, билікке ұнамаған адамды қамайды. Қарапайым ғана мысал айтайын, бізде саяси астары бар сотты ашық өткізбейді. Не сұмдық? Бұл тура – 37 жыл. Бұлай болмайды, – деді Алматы тұрғыны Жалғасбай Хибалиев.

Пикетке шыққандар Жібек жолы көшесі бойының әр тұсында тұрды. Осы маңға келген құқық қорғаушы Андрей Свиридовтің айтуынша, пикетке келгендер "топталып тұрсақ, полиция митинг деп қабылдар" деп қауіптенген.

Акцияға шыққандарға полицейлер келіп, аты-жөндерін жазып, суретке түсіріп кетті.

Қазақстанда мұндай наразылық шаралары 24 шілдеде Семей соты "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті босатпағаннан кейін көбейген. Биліктен Мұхтар Жәкішевті және басқа да "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен наразылық шаралары бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда бірнеше рет өткен.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанда саяси тұтқындар көбейіп келеді"

56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің жемқорлық айыбы бойынша ұзақ мерзімге сотталып, түрмеде отырғанына 10 жылдан асты. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.