29 тамызда Нұр-Сұлтанда "Бейбітшілік қабырғасы" монументі алдында белсенді Әлия Жакупова бір адамдық пикет өткізіп, Семей полигонындағы алғашқы атом бомбасы жарылған күнді еске алды.
Пикетке шыққан белсенді жарылыстан кейін 70 жыл өтсе де, оның зардабының әлі жойылмағанын айтып, полигоннан зардап шеккендерге өмірбақи өтем бойы төлеуді талап етті.
Ол пикет кезінде жарылыс суреттері мен "Семей полигоны құрбандарын еске аламыз" және "Ядролық сынақтан зардап шеккендердің бәріне өтемақы берілсін!" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Кейін Әлия Жакупованы қолдап келгендер Семей полигоны құрбандарына қойылған ескерткіш пен алғашқы жер үсті сынағынан соң ауаға саңырауқұлақ болып көтерілген түтіннің суретіне гүл шоқтарын қойды.
- 70 жыл бәріміздің ойлануымыз үшін аз уақыт емес. Содан бері не өзгерді? Қатерлі ісікке шалдыққандар саны өзгерді ме? Балалар өлімі азайды ма? Кемістікпен дүниеге келген балалар азайды ма? Мұның бәрі – ядролық сынақтың нәтижесі. Менің ата-анам сол саңырауқұлақ болып көтерілген түтінді көрген. Әкем жастай қатерлі ісіктен өлді. Біз енді қанша уақыт үнсіз қаламыз? Неге біз ядролық полигонаннан зардап шеккендерге өмірбақи өтемақы сұрамаймыз? - деді Әлия Жакупова.
Белсендінің сөзінше, бұл – масылдық позиция емес, ядролық полигоннан зардап шеккендерге мемлекеттің берілуі тиіс көмегін талап ету.
Cодан соң Әлия Жакупова мен оны қолдауға келгендер бір минут үнсіздік жариялап, полигон құрбандарын еске алды. 15 минутқа созылған шараға ешкім кедергі келтірген жоқ.
1949 жылы 29 тамызда Совет одағы Семей полигонында алғашқы ядролық қару сынағын өткізді. Семей полигоны 1991 жылы жабылғанға дейін онда 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалды. Полигон маңындағы тұрғын халық "жарылыстар зардабын әлі күнге тартып отырғанын" айтады.
Видео: Алғашқы советтік атом бомбасының өтеуі кейін белгілі болды
Your browser doesn’t support HTML5