Алматы маңындағы цехтардың бірінде жарылыс болды, бір адам қаза тауып, үш адам жараланды деп хабарлады сенбі, 31 тамызда төтенше жағдай комитетінің баспасөз қызметі.
"31 тамызда сағат 12.22-де Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің шұғыл кезекшілік бөліміне Қарасай ауданы Райымбек ауылындағы газбетонды блок шығаратын цехта жарылыс болғаны туралы хабарлама түсті. Өндіріс процесі кезінде қатты қысымның салдарынан автоклав (сұйық затты қысымның күшімен жылытуға арналған жабық қазан - ашық дереккөзі) атылып, жарылыстан цех ішінара бұзылған" деп хабарлады комитеттің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Оның айтуынша, жарылыс кесірінен түтін құбырының бір бөлігі жеке тұрғын үй аумағына құлаған.
"Жарылыс орнында 1961 жылғы ер адамның денесі табылды. Сонымен бірге әртүрлі жарақатпен аудандық ауруханаға үш адам жеткізілді" делінген комитет хабарламасында.