Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өз еркін білдіру құқығын пайдаланып, арнайы бөлінген орындарда бейбіт митингілер өткізуіне рұқсат беру қажеттігі туралы мәлімдеді. Бұл туралы ол 2 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда алтыншы шақырылымдағы парламенттің бесінші сессиясының ашылуында халыққа жолдауын жариялағанда айтты.
Биыл 9 маусымда елде билікке наразылық акциялары жалғасып жатқан тұста кезектен тыс өткен сайлауда Қазақстан президенті болып сайланған Тоқаев осы қызметіндегі алғашқы жолдауында мемлекеттік маңызды мәселелерді талқылауға азаматтық қоғамды қатыстыру қажеттігін, осы мақсатта Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын айтты. Сонымен бірге елде азаматтардың бейбіт акциялар өткізуіне арнайы орын бөлу қажеттігін атап өтті.
"Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз еркін білдіруге құқылы. Егер бейбіт акциялар заңды және елдің шырқын бұзуды көздемесе, онда белгіленген заң шеңберінде митингілерге рұқсат беріп, арнайы орын бөлу керек" деді Тоқаев. Президент ондай орындардың қаланың шетінде болмауы керектігіне назар аударды.
Бұған қоса ол "Конституцияға қайшы, бұзақылық акциялардың кез келгеніне" заң аясында тойтарыс берілетінін ескертті.
Тоқаев президент әкімшілігінде мемлекеттік органдардың азаматтардың шағым-өтініштерін қарау сапасын қадағалайтын бөлім ашылатынын хабарлады. Оның сөзінше, әдетте жергілікті және орталық органдардағы шенеуніктердің "кереңдігінен" халық президентке жүгінуге мәжбүр болады.
Мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырысы дүйсенбі, 2 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 11:00-де басталды. Президент жолдауы биыл тікелей эфирде көрсетілген жоқ.
Қазақстанда жаңа консультативтік кеңесу органын құру қажеттігі туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен инаугурациясы кезінде мәлімдеген. Елді 30 жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыз айында президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатып, орнына Тоқаевты қалдырған. Маусымдағы кезектен тыс сайлаудың ресми жеңімпазы болып жарияланған Тоқаев қоғаммен диалог орнату үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін (кейін құрамына президент әкімшілігі іріктеген 44 адам енген) құратынын жариялаған. Кеңес туралы қоғамда әртүрлі пікір бар. Кейбіреулер оны саяси "жылымыққа" баласа, енді біреулер оның "ешқандай пайдасы жоқ" деп санайды. Президент әкімшілігінің хабарлауынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өтпек.
Қазақстанда биылғы жылы бейбіт шерулер мен митингілер жиілеген. Шілде айына дейін ондай акциялардың соңы шеруге қатысқандарды ұстап, әкімшілік қамауға алу және айыппұл салумен аяқталатын.