4 қыркүйекте Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысынан кейін журналистерге Жаңаөзендегі наразылыққа қатысты пікір білдіріп, елде заңсыз митингіге шақырғандар болса, полиция алдын алатынын айтты.
- Бір топ адам «Қазақстанда 55 Қытай зауыты салынады екен» деп көшеге шықты. Бұл – жалған ақпарат. [Қазақстанда] ешқандай Қытай кәсіпорындары ашылмайды. Біріккен кәсіпорындар, инвестиция бар. Бірақ желіде тараған ақпараттар қате, заңсыз. Егер митингіге шақырғандар болса, құқық қорғау органдары оның алдын алады. Қазірге дейін қоғамдық тәртіпті бұзған жайттар болмады. Елде бәрі тыныш, - деді министр.
2 қыркүйектен бері Жаңаөзен тұрғындары наразылыққа шығып, Қазақстанда Қытай инвестициясына 55 өндіріс орнын салу туралы үкіметаралық келісімге қарсылық білдіріп жатыр.
3 қыркүйекте Жаңаөзенге барған облыс әкімі Серікбай Тұрымов қалалық әкімдік алдында тұрған наразылармен кездесіп, Қазақстанды Қытай зауыттары салынбайды деп айтты. Акцияға қатысушылар оның сөзіне сенбейтіндерін мәлімдеді. 4 қыркүйекте Жаңаөзендегі алаңға тұрғындар тағы да жиналды. Сәрсенбі күні Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Семей мен Нұр-Сұлтанда жаңаөзендіктердің талабын қолдау акциялары өтті. Олар да Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында 55 кәсіпорын құрылысын салу туралы Қытай мен Қазақстан үкіметтері арасындағы келісімге қарсылық білдірді.
2019 жылы сәуірде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде өткен «Бір белдеу – Бір жол» форумына барып, Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтты.
Форумнан кейін қытайлық журналистерге сұхбат берген Назарбаев «Қытай ешкімге шарт қоймайды. Біз секілді өмір сүріңдер деп ешқашан айтпайды. Батыс елдері «біз сендерге көмектесеміз, сендер біз сияқты болыңдар» дейді. Қытай олай жасамайды. Қытайдың осы саясаты ұнайды» деген.
Қазақстанның Қытайдан алған кредиті мен Назарбаевтың зауыт туралы сөзі қоғамда сынға ұшыраған.