5 қыркүйекте Атырау қаласында үш белсенді Дария Олжағалиева, Шаттық Тәжкенова және Дианара Мұқатованы Атырау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизм және терроризммен күрес бөлімінің қызметкерлері ұстап, "түсіндіру жұмыстарын" жүргізгеннен кейін босатқан. Бұл ақпаратты Азаттыққа полициядан босап шыққаннын айтқан Дария Олжағалиева хабарлады.
Оның айтуынша, бейсенбі күні таңертең Шаттық Тәжкенова екеуі қаладағы Махамбет көшесінің бойындағы "Азаматтық орталық" ғимаратынан шығып кетіп бара жатқан кезде бөлім мамандары келіп ұстаған, екеуін екі көлікке отырғызып алып кеткен. Жақын маңдағы тірек пунктіне апарған.
- Сол жерге қала прокуроры келіп, митингілер, шерулерге шығудың тәртібін түсіндіріп, үш сағаттан босатты. Олар аты-жөндерін айтып таныстырды, бірақ аттары есімде қалған жоқ. "Не үшін ұстадыңыздар?" деген сұрағымызға "сендердің жиын ұйымдастырайын деп жүргендерің туралы ақпарат түсті, оның алдын алуымыз керек" деп жауап берді" деді Азаттыққа Дария Олжағалиева.
Оның айтуынша, бүгін атыраулық белсенді Диара Мұқатованы да үйінен ұстап әкетіп, кейіннен босатқан. Мұқатова Facebook-тағы парақшасында өзін полицияның түскі 12-лер шамасында ұстап әкеткенін хабарлады. Азаттық тілшісі әзірге полициядан жауап ала алмады.
Дәл осыған ұқсас жағдай кеше, 4 қыркүйекте Ақтөбеде де болған. Мұнда 3 қыркүйек күнгі "Қытай экспансиясына" байланысты наразылық шарасына қатысқан екі белсенді ұсталған. Белсенді Әлібек Молдин Азаттық тілшісіне өзін полиция бөлімшесінде "профилактика мақсатында үш сағат" ұстап, босатып жібергенін хабарлады. Ал екінші белсенді Берік Ноғаевтың ұсталғанын оның бауыры Facebook парақшасында жазды. Кейінірек белсендінің өзі бұл ақпаратты растады.
Бұған дейін атыраулық белсенді Диара Мұқатованың үстінен қылмыстық іс қозғалып, оған "елде тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" (Қылмыстық кодекстің 405-бап, 2-бөлімі) деп айып тағылғаны хабарланған. Атыраулық "Ақжайық" газетінің жазуынша, 3 қыркүйекте Атырау қалалық №2 сотта бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы өткен. Айыптау актісінде ескертулерге қарамастан белсендінің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Ақорда оппоненті, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған ұйым - ред.) қозғалысының әлеуметтік желідегі парақшаларындағы жазбаларымен бөліскені, рұқсат етілмеген митингілерге шақырғаны жазылған. Сот отырысы кезінде белсенді тағылған айыпты мойындамаған.
Бұл іс бойынша келесі сот отырысы қыркүйектің 10-ы күні өтеді.