9 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда он шақты азамат әртүрлі талаппен бір адамдық пикетке шықты. Акцияға қатысушылардың Азаттық тілшісіне айтуынша, олар өздеріне немесе туыстарына байланысты сот шешімдері және күш құрылымдарының іс-әрекетімен келіспей, наразылық акциясына шығуды ұйғарған.
Пикетке қатысушылар "соттардың әділетсіз шешім қабылдағаны және күш құрылымдарының заңға қайшы қылығы" туралы берген шағымдарын қарауға құлықсыз деп билікті айыптайды.
Нұр-Сұлтандағы министрлер үйі алдындағы жаяу адамдар өтетін жол бойында бір-бірінен он шақты метр жерде пикет өткізген наразылар жекелеген судьялар мен прокуратура қызметкерлерге сын айтылған жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Бірнеше адамның қолында Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың қызметтен кетуін талап еткен жазу болды.
Наразылар 9 қыркүйектен бастап он күн бойы пикетке шығатыны туралы жергілікті билікті хабардар еткенін айтты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, акция өтіп жатан жерде жүрген полиция өкілдері пикетте тұрғандарға кедергі жасамаған. Бірақ кейін сол жерге келген қала әкімдігінің өкілдері кей наразыларға бұл шараның "заңсыз" екенін ескертті.
Министрлер үйі орналасқан Мәңгілік ел даңғылы бойында 9 қыркүйекте өздеріне немесе туыстарына шығарылған сот шешімдеріне наразы азаматтардың бастамашыл тобына жетекшілік етіп жүрген азаматтық белсенді Санавар Закирова да бір адамдық пикет өткізбекші болған. Дүйсенбі күні таңертең оны Нұр-Сұлтан полиция департаментіне жауап алуға шақырған. Бұған дейін партия құратыны туралы мәлімдеген белсенді полицияның шақыртуы өзінің партия құруына қарсы биліктің жасап жатқан кезекті кедергісі болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Қазақстанда саяси, әлеуметтік және басқа да талаптар айтқан азаматтардың наразылық акциялары жыл басынан бері жалғасып келеді. Қазақстанды соңғы 30 жылға жуық уақыт басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарып, орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша президент болып жарияланған. Қазақстанда көптеген азаматтар және халықаралық бақылаушылар "сайлау әділетсіз және демократиялық сайлау стандарттарына қайшы өтті" деп мәлімдеген.
Соңғы айларда түрлі талаптармен бір адамдық пикетке шығатындар жиілеген. Акцияға қатысушылар өзге мәселелермен бірге қамауда отырған "саяси тұтқындарды" босату туралы талап та көтерген. Қазақстан билігі елде саяси қызметіне я азаматтық ұстанымына байланысты қудаланғандар барын жоққа шығарады.