12 қыркүйекте түстен кейін Нұр-Сұлтанда оң жағалау мен сол жағалауды қосып тұрған көпірдің үстіне бір адам шығып, секірмек болды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оқиға орнына төтенше жағдай департаменті мамандары, әкімдік өкілдері, полиция қызметкерлері келген. Құтқарушылар тұрғынға көмектесу үшін жоғарыға кранмен көтерілген.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілі Елнұр Бейсенбаев биіктен секірмек болған адамға "бала-шағаңды ойла, баспана мәселең шешіледі" деп айғайлап, оны райынан қайтаруға тырысты. Сәлден соң ол төменге түсуге келісіп, құтқарушылардың көмегімен жерге түсті.
Әкімдікке алып кетер алдында Азаттық тілшісі наразы тұрғынға бірнеше сұрақ қойып үлгерді. "Не үшін шықтыңыз? Үй мәселесіне байланысты ма?" деген сұраққа ол "иә, бәрібір тағы келем" деп жауап берді.
Полиция қызметкерлері оның сөзін қайта-қайта бөліп, "барған соң сөйлесеміз" деп асықтырды. "Баспана кезегінде барсыз ба?" деген сұраққа ол:
- Жоқ, тіпті кезекке тұра алмайсың да. Ешбір [кезекте] жоқпыз. Пәтер сағалап жүргенімізге 6-7 жыл болды. Пәтерді жалға алу құнының өзі 60-70 мың теңге тұрады. Екі балам бар, - деді ол.
Онымен "жоғары жақта" құтқарушылар келіссөз жүргізген. Психолог Гүлім Жамиеваның айтуынша, наразы тұрғын "талабын көпке жеткізгісі келген".
- Барлық шаруаны құтқарушылар атқарды. Біз оны төменге түсуге көндіріп, сөйлестік. Ол адам талабын көпке жеткізгісі келді. Біздің көмектескенімізді қалады. Ол жақындарын, өмірін қадірлейтін адам екен. Сол себепті төменге түсті. Оған тек көмектесу керек. Ақыл-есі бүтін, дені сау адам. Әкіммен кездесуді талап етті, - деді Гүлім Жамиева.
Қолда бар ақпарат бойынша, шамамен 30 жастағы Рүстем есімді азамат "баспана мәселесінің көпке дейін шешілмегеніне наразы" болып, осындай қадамға барған. Наразы тұрғынмен сөйлескен мамандар оны әкімдікке алып кетті. Полиция қызметкерлері "әкімдік кодекске сәйкес шаралар қолданатынын" айтты.
Жыл басынан бері Қазақстан қалаларында баспана мәселесін шешуді талап етіп, азаматтар бірнеше рет билікке талап қойған. Астана әкімдігінің дерегінше, Нұр-Сұлтанда 46 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Билік оларды баспанамен қамту үшін шамамен 1 миллиард теңге қажетін айтқан.