16 қыркүйекте кешкі жеті шамасында қырғыз-тәжік шекарасында атыс болып, бір қырғыз сарбазы қаза тауып, екеуі жараланды. Тағы алты тұрғын зардап шегіп, дәрігер көмегіне жүгінген. Тәжікстан тарабы 12 тұрғынның жараланғанын хабарлады. Екі ел атысқа бір-бірін кінәлады.
Қырғызстан шекара қызметі “атысты Тәжікстан тарабы бастады. Алдымен Мақсат шекара бекетін, одан кейін Баткен облысы Лейлек ауданындағы Сай уақытша әскери постына оқ атты” деп мәлімдеді.
“Екі елдің шекара қызметінің өкілдері жағдайды ушықтырмау үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Тәжікстан азаматтарының шекара маңында құрылыс сала бастаған. Осыдан кейін Қырғызстан азаматтары да өз үйлерінің аумағында дуал тұрғызған. Екі тараптың құрылысы атысқа себеп болған. Екі елдің шекара қызметкерлері кездесіп, қос тарап құрылыс жұмыстарын тоқтататын болып келіскен. Бірақ келісімге қарамастан Тәжікстан азаматтары құрылысты жалғастырған. Мұны көрген Қырғызстан азаматтары да дуал салу жұмысын қайта бастаған. Жергілікті уақыт бойынша кешкі 19.30-да тәжікстандық шекарашылар дөрекі түрде Қырғызстан азаматтарынан құрылысты тоқтатуды талап еткен. Кейін жанжал шығып, соңы атысқа ұласқан” деп хабарлады Қырғызстан шекара қызметі.
Бірақ Душанбе Бішкектің мәлімдемесін жоққа шығарып, атысқа Қырғызстан әскерилерін айыптады.
“16 қыркүйек 18.45-те Бабажан Гафуров ауданына қарасты Оочу Калача ауылындағы спорт алаңында белгісіз ғимараттың құрылысы басталған. Тәжікстандықтан Қырғызстан азаматтарынан бұл заңсыз құрылыс екенін ескертіп, тоқтатуды талап еткен. Қырғызстан тарабы келісімді бұзып, шекараның осы маңына 250-300 сарбаз алып келді. 19.00 шамасында екі тарап жанжалдасып, қырғызстандық әскерилер ауылдың қарусыз тұрғындарына оқ атқан. Салдарынан Тәжікстанның бір азаматы жараланды” деп мәлімдеді Тәжікстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің баспасөз орталығы.
Бұл жағдайды Қырғызстанның сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков пен Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин телефон арқылы талқылаған.
Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір ел әлі шекара мәселесін шеше алмай келеді. Екі елдің тұрғындары жиі суға, жайылымдарға, жолға таласып, жанжалдасып қалады.
Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы территорияның даулы тұстары көп. Мәселен қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Оның 519 шақырымы келісілген.