Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Еуропа одағынан Брекзитті (Еуроодақтан шығу мерзімі – ред.) 31 қазаннан кейінгі уақытқа қалдыруды сұрамайды. Бұл туралы Джонсон Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкермен Брюссельде кездескеннен кейін оның қорытындысы жайлы британ премьері кеңсесі таратқан мәлімдемеде айтылған.
Джонсон қазанның соңына дейін Еуроодақпен Брекзиттің жаңа шарты жайлы келісімге келемін деп үміттенеді. Ұлыбританияның одақ құрамынан шығуы жайлы Лондон мен Брюссель арасындағы келіссөз енді қарқын алып, көп ұзамай күн сайын өтетін болады деп жазылған мәлімдемеде.
Биыл шілде айында Ұлыбритания премьер-министрі қызметіне кіріскелі бері Джонсон Юнкермен алғаш рет кездесіп, Брюссельде Брекзиттің мәселесін талқылады.
Еурокомиссия басшысының атынан таратылған мәлімдемеде британ жағы бұған дейін бұрынғы премьер Тереза Мэйдің үкіметімен пысықталған келісімді өзгертуге байланысты ұсынысын әлі бермегені айтылған. Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу шарты туралы келісімді британ парламенті мақұлдамай тастаған. Мэйдің орнына келген Джонсонның кабинеті Брюссельді өз шартына көндіргісі келеді.