19 қыркүйекте таңертеңгі сағат 11.00 шамасында Нұр-Сұлтанда бір топ әйел Ақорда маңына жиналып, биліктен әлеуметтік мәселелерін шешіп беруді талап етті. Наразы әйелдер баспана кезегінің жылжымай жатқанын, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отырғанын айтып, елдің бірінші президенті, "Нұр Отан" басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, депутаттар мен "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің шығуын талап етті, "Байбек!", "Елбасы" деп айқайлады.
- 2010 жылдан бері баспана кезегінде тұрып келеміз. Бір балам - мүгедек. Жасы - 26-да. "Эпилепсия" диагнозы қойылған. Қанша жыл болды баспанасыз жүргенімізге? 2011, 2013 жылғылар алып жатыр. Ал бізге неге бермейді? - деді өзін Ғалия Басықараева деп таныстырған әйел.
Наразы әйелдердің бірі "көп балалы отбасыларға арнап салынған үйлердің сапасыздығын" айтса, бірі жәрдемақы ала алмай жүргенін айтты.
- Құлайын деп тұрған үйде тұрып жатырмыз. Жұмысқа шығайық десек, үйдегі бала-шағаны кім қарайды? Мұндай жағдаймен қалай баспана аламыз? Қанша әйел зар жылап жүр. Маусым айының атаулы әлеуметтік көмегін ала алмай жүрген аналар бар, - деді әйелдердің бірі.
Сәлден соң әйелдер алдына сенат депутаты Ләззат Сүлеймен шықты. Наразы әйелдер оған сұрақтарын жаудыра бастады. "Бұған дейін тұрмысы нашар отбасыларға, көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін 513 миллион теңге бөлінеді деп айтты. Сол ақша қайда?" деді әйелдердің бірі депутатқа.
Депутат "өздеріңіз білесіздер, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында көп балалы отбасыларға қандай әлеуметтік көмек көрсететінін нақтылап айтты. Енді мемлекеттік органдар сол тапсырмаларды орындауға күш салып жатыр" деп еді, әйелдер ашуланып, "қаншама рет уәде бердіңіздер, еш нәтиже жоқ" деп оның сөзін бөліп, сөйлетпей тастады.
Наразы әйелдерді жан жақтан арнайы жасақ өкілдері бақылап, олардың Ақорда жағына өтпеуін қадағалады.
Сәлден соң әйелдер ұрандатқан күйі Ақорда маңындағы көше бойымен қозғала бастады. Түскі бір шамасында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына барып, топтасып тұрды.
Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы көбейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.
27 ақпанда “Нұр Отан” партиясының жиынында сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмекті 70 пайызға өсіруді, көп балалы отбасылардың әр баласына 21 мың теңге төлеуді бұйырған. Кейін парламент атаулы әлеуметтік көмек туралы заң қабылдап, оған Назарбаевтың орнына келген қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, 15 тамыздағы жағдай бойынша 1,8 миллион қазақстандық АӘК алған. Бюджеттен АӘК төлеу үшін 103 миллиард теңге (335 млн доллар) бөлінген. Жәрдемақы алғандардың 42 пайызы қалада, 58 пайызы ауылда тұрады.
Бірақ әр аймақтан аналар әлеуметтік көмекті рәсімдеу және алу кезінде түрлі проблемаға кезіккенін мәлімдеп, көпшілігі өтелмеген кредиті болғандықтан әлеуметтік жағдайы төмен топтарға билік мемлекеттік бағдарлама аясында ұсынған жеңілдікті ипотекаға қол жеткізе алмай жүргендерін айтады.
Ел үкіметі жеңілдетілген ипотека мен арзан жалдамалы баспана бағдарламасын да жасады. Маусымда Тоқаев жағдайы төмен отбасылардың кредиттерін жабу туралы жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, елдегі 500 мың тұрғынның 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді.