Саха бақсысы Александр Габышевтің жақтастары бақсының "Мәскеуге сапарын" өздері жалғастыратынын хабарлады. Бірнеше ай бұрын Габышев "Кремльден Путинді қуу үшін" Мәскеуге жаяу-жалпылап жолға шыққан еді.
Ол екі мыңға жуық шақырым жүріп, Байкал мен Бурятия аумағынан өткен. Бірақ ол жерде 19 қыркүйекте оны полицейлер ұстады. Ішкі істер министрлігі Габышевті Якутияға жіберетінін айтты.
Бақсыға жолшыбай қосылған адамдар Бурятиядан өтіп, Иркутскі облысына келген. Олар Габышевтің сапарын 20 қыркүйекте әрі қарай жалғастыратынын айтты. Бұл ақпаратты "Сибирь.Реалии" сайтына отряд мүшелерінің бірі растады.
19 қыркүйекке қараған түні әлеуметтік желілерде бақсы Габышевтің жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған. Ресейдің тергеу комитеті және аймақтық ІІМ бақсының ұсталуына байланысты ұзақ уақыт түсініктеме бермеді. Тек сол күні күндіз полиция бақсыны ұстағанын растады.
Оқи отырыңыз: "Путинді қумақ болған" саха бақсысына Якутияда "іздеу жарияланған"
Габышев "Мәскеуге сапарын" осыдан төрт ай бұрын Якутиядан бастаған. Оның пікірінше, "Ресей президенті қара күштен жаралған және онымен тек бақсы ғана күресе алады". Бақсының үгіт-насихат видеолары әлеуметтік желілерде тарап, миллион рет көрілген. Байкал мен Бурятияда Габышев қатысқан митингілерге бірнеше жүз адам барған.