Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова 27 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында осы уақытқа дейін Сириядан Қазақстанға 506 бала жеткізілгенін хабарлады. Қазіргі кезде оларды қоғамға бейімдеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оның айтуынша, республика бойынша кәмелетке толмағандарға әлеуметтік-психологиялық құқықтық көмек беретін 15 орталық жұмыс істейді.
- Бұл орталықтарда төрт әйел 14 баласымен тұрақты тұрып жатыр. Қалғандары күндіз ғана келіп жүр. Қазіргі кезде 254 бала - балабақшаға, 153 бала мектепке барады. Бұдан бөлек, 33 бала ата-анасыз балаларға арналған ұйымдарға таратылды, - деді Бибігүл Асылова.
Бұған дейін мамандар мұндай орталықтар жұмысының мерзімі шектелмегенін, Сириядан оралғандар қоғамға толық бейімделіп кеткенше үздіксіз жалғаса беретінін айтқан.
2018 жылы шілде айында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-ге жуық азаматы кеткенін хабарлаған.
Оқи отырыңыз: "Бидай кебегін талғажау қылдық". Сириядан оралған әйелдің хикаясы
2019 жылы Қазақстан билігі "Жусан" операциясы барысында Сириядан 516 адамды жеткізген, олардың 360-ы - бала. Бұған дейін билік Сириядан оралғандардың біраз уақыт оңалту орталығында болатынын хабарлаған.