АЕ/АР басшысы Deutsche Welle-ді айыптаған Ресей билігін сынады

Көрнекі сурет.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай мемлекеттік дума комиссиясының жұмысы ресейліктердің тәуелсіз ақпарат құралдарын оқу құқығын шектейді деп мәлімдеді.

Бұған дейін мемлекеттік дума комиссиясы Мәскеудегі рұқсат етілмеген акциядан хабар таратқан германиялық Deutsche Welle медиакорпорациясы "наразылыққа шақырып, заң бұзды" деген қорытынды жасаған. Комиссия сыртқы істер министрлігінен Deutsche Welle-ді аккредитациядан айыру мәселесін қарауды сұраған.

"Ресей билігі шетелдік БАҚ-та істейтін әріптестерімізге ашықтан-ашық озбырлық жасап отыр, олар кәсіби журналист ретінде өз міндеттерін атқарып, қоғамға маңызды оқиғалардан ақпарат таратқан. Ресей азаматтарының ел ішінде болып жатқан оқиғаларды тәуелсіз ақпарат құралдарынан оқуға толық құқығы бар, ал дума әрекеті бұл құқықты шектейді" деді Джейми Флай.

Мемлекеттік дума комиссиясының Deutsche Welle-ге қатысты шешімін 27 қыркүйекте ТАСС агенттігі хабарлады. Ақпарат бойынша, комиссия агенттіктің Солтүстік Кавказ туралы мақалаларынан да "экстремизм нышандарын" байқаған. Алдағы уақытта әділет министрлігі корпорацияны "шетел агенттерінің" тізіміне қосу мәселесін қарайды.

"Интерфакстың" жазуынша, Deutsche Welle-дің Мәскеудегі наразылық туралы Twitter-дегі жазбаларының бірі сараптамаға жіберілген.

Deutsche Welle агенттігінің 3 тамыз күнгі Мәскеудегі наразылық туралы жазбасына сүйенген Ресей СІМ бұған дейін агенттікті "елдің ішкі ісіне араласты" деп айыптаған еді. 19 тамызда мемлекеттік дума бұл мәселені зерттейтін комиссия құрды.

Комиссия отырысына депутаттар Deutsche Welle өкілдерін де шақырған, бірақ медиакорпорация өкілдері айыптауларды жоққа шығарып, зерттеуге қатысудан бас тартқан. Deutsche Welle өкілдерінің айтуынша, комиссия айтып отырған Twitter жазбасында наразылар ұрандары ғана жазылған, олар ешкімді акцияға шақырмаған.

Мемлекеттік дума жұма, 27 қыркүйекте тағы да бірнеше шетелдік БАҚ материалдарын зерттеу туралы шешім қабылдады. "Зерттеу нысанына" ілінген БАҚ арасында BBС-дің Орыс қызметі, "МБХ медиа", "Америка дауысы", Азаттық радиосы, "Настоящее Время" телеарнасы, "Медуза" сайты бар. Зерттеу тобының нақты қандай материалдарды тексеретіні әзірге айтылмады.