Қырғыз журналисі Әлішер Саиповтың қазасынан кейін қозғалып, 2013 жылы жабылған қылмыстық іс қайта қаралады. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметіне Әлішер Саиповтың ағасы Шохрух Саипов хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымдарының желісіне (IFEX) берген жауабында Қырғызстанның бас прокуратурасы солай жазған.
- Штаб-пәтері Канадада орналасқан халықаралық ұйым биыл шілде айында прокуратураға бауырымның ісі бойынша сұрау салды. Оларға іс қайта қозғалды деп жауап берген. Істі жапқан кезде [прокуратура] бізге ләм-мим демеген еді. Тергеудің қайта жалғасқанына қуанып отырмыз. 12 жыл бұрын бауырымды өлтірген адамды табу мүмкін емес екенін түсінемін. Бірақ тым болмағанда оны өлтіруге не себеп болғанын білгіміз келеді. Соңғы сәтте бауырымның жанында болған адаммен кездескіміз келеді, - деді Шохрух Саипов.
Қырғызстан бас прокуратурасы қылмыстық істің қайта қозғалуының себептерін анықтап жатқанын хабарлады.
Саиповты танитын "Фергана.ру" ақпарат агенттігінің бас директоры Даниил Кисловтың пікірінше, билік журналист қазасының себептерін аша алса, халықаралық аренада Қырғызстанның беделіне оң ықпал етпек.
-Қазір істі қайта қолға алып жатқаны таңданарлық жайт. Құқық қорғау органдары тапсырыс берген немесе орындаған адамды тауып, осы ыңғайлы сәтті пайдаланғысы келді ме екен? Қалай болғанда да алдыңғы режим қылмыстарын зерттеп жатқан қазіргі билік бұрынғы қылмыстарды да ұмытпайды деп үміттенеміз. Себебі Саиповты президент Бакиевтің кезінде өлтіріп кеткен. Егер Орталық Азия аумағында журналистер көрген құқай мен адам өлімі жайлы айтсақ, бұл жайлы тұтас баяндама әзірлеуге болады. Аймақ журналистеріне әлі де оңай тиіп жатқан жоқ. Шенеуніктер тәуелсіз БАҚ-ты жау көреді,- деді Кислов.
26 жастағы Әлішер Саиповты 2007 жылы 24 қазанда Ошта атып кеткен. Билікті сынайтын мақалаларымен танылған тәуелсіз журналисті өлтіргендер әлі табылған жоқ.