АҚШ-та "Украина ісі" бойынша мәлімет беретін тағы бір адам пайда болды. Reuters ақпаратына қарағанда, ол - президент Дональд Трамптың Украинамен байланыстары туралы мәліметке тікелей қол жеткізген адам. "Украина ісінде" жаңадан пайда болған адам АҚШ барлау жүйесінің ішкі бақылау қызметімен байланысқа шыққан. Бұл туралы оның адвокаты Марк Заид жексенбі күні хабарлаған.
Марк Заидтің ABC телеарнасына берген сұқбатына қарағанда, барлау қызметінде жұмыс істейтін бұл адам бас инспектор сұрақтарына жауап берген. Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің телефон әңгімесін құзырлы органдарға осыған дейін егжей-тегжейлі баяндап берген алғашқы адамды да Марк Заид қорғайды. Алғаш ақпарат берген адамның мәлімдемесінен кейін Трамп АҚШ президентінің алдағы сайлауында негізгі саяси бәсекелесі болуы мүмкін демократ Джон Байденнің ұлының Украинадағы ісін тексеруді сұрағаны жария болған еді.
Өткен аптаның жұма күні Трамп Байденнің Қытаймен іскерлік байланысы бар ұлының ісін тексеруге Қытай билігін шақырды. Мұндай жайттар республикашылдардың өз ішінде де түрлі пікір тудырды. Республикашыл сенаторлар Митт Ромни, Бен Сасс пен Сюзан Коллинз 2020 жылы өтетін сайлау қарсаңында Трамптың өзге елдермен байланысып, көмек сұрағанына алаңдайтынын білдірген. Республикашылдардың ішінде алауыздық байқалған соң Украина ісі бойынша "алғашқы қолдан алған құнды ақпараты бар" тағы бір адам шыққан. Іс барысын бажайлаған АҚШ-тың кейбір ақпарат құралдары Трампқа импичмент жариялау мәселесі күш алып бара жатқанын айтады. Алайда Трампқа кетәрі емес сарапшылар қазір айтылып жатқан сындар мен қысымдар Трампты одан әрі күшейте түспесе әлсіретпейді деп санайды.
Трамптың Зеленскиймен арадағы телефон әңгімесі мен ол жайында ақпарат жеткізген алғашқы адамның мәлімдемесінен соң өкілдер палатасының төрағасы Нэнси Пелоси 24 қыркүйекте Трампқа импичмент жариялау процедурасын бастап кеткен. Мұны "Трамптың әрекеті АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді және АҚШ президенті сайлауын әділ өткізуге кедергі жасайды" деген уәжбен түсіндірген.