Америкалық ғалымдар Уильям Кэйлин, Грег Семенца және британиялық сэр Питер Рэдклифф медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алды. Олар Нобельді адам жасушасының ауа тапшылығына бейімделуін зерттегені үшін алды. Ғалымдардың бұл жаңалығы онкологиялық ауруларды емдеуге көмектеседі.
Онколог Уильям Кэйлин Джон Хопкинс атындағы университетте (АҚШ), Грег Семенца Гарвард университетінде, Питер Рэдклифф британиялық Оксфорд университетінде жұмыс істейді.
Нобель сыйлығының биылғы жүлдесі 9 миллион швед кронын (900 мың доллар) құрайды. Бұл қаржы үш лауреатқа тең бөлінеді.
Нобель сыйлығын тапсыру Швеция астанасы Стокгольмде медицина саласынан басталады. Осы аптада физика мен химия саласы бойынша Нобель иегерлері анықталады. Ал әдебиет саласы бойынша Нобель иегерлері 10 қазанда жарияланады. Биыл әдебиет бойынша сыйлық екі адамға табысталады. Былтыр жыныстық бопсалау дауынан кейін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілмеген.
Ал 11 қазанда бейбітшілік саласы бойынша, 14 қазанда экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары жарияланады.
Медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерін Стокгольмдегі Каролин институты, әдебиет саласы бойынша швед академиясы, физика, химия және экономика саласындағы сыйлықты Швецияның ғылым академиясы анықтайды.
Ал сыйлықты Норвегияның Осло қаласындағы Нобель комитеті табыстайды.