Ауғанстанның Нангархар провинциясының орталығы Жалалабад қаласындағы жарылыстан кем дегенде 10 адам қаза болып, тағы да ондаған адам жарақаттанды, арасында сәби де бар. Бұл ақпаратты 7 қазанда Ауғанстанның жергілікті билігі таратты.
Мәліметке қарағанда, моторикшаға орнатылған жарылғыш жанынан ауған әскеріне жаңадан алынған сарбаздарды әкетіп бара жатқан автобус өткенде жарылған. Аталған провинция губернаторының баспасөз хатшысы Атаулла Хогьянидің айтуынша, ауруханаға жеткізілгендер ішінде ауыр жаралылар бар.
Әзірге жарылысты ешбір топ мойнына алмаған. Нангархар провинциясында «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мен «Талибан» қозғалысы әрекет етеді.
Біріккен ұлттар ұйымының Ауғанстан бойынша миссиясының (UNAMA) мәліметіне қарағанда, биыл алты айда Ауғанстанда 1366 бейбіт адам өлтіріліп, 2446 адам жараланған.
Балалар құқығын қорғайтын халықаралық ұйым өткен айда Ауғанстанда соңғы 18 жылда туған әрбір бала соғыс пен бүлік тауқыметінің зардабын шеккенін айтады. Save the Children («Балаларды құтқарайық») ұйымы бұл баяндамасын 2001 жылы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Ауғанстанға АҚШ бастаған халықаралық күштердің кіргеніне 18 жыл толуына арнады.
Баяндамаға қарағанда, 20 миллионға жуық бала «күн сайын атыс пен жарылыс дауысынан оянады, көшеде, үйде, мектепте өлтіріліп, майып болу қаупі астында жүреді». Save the Children мәліметі бойынша, 2015–2018 жылдары 12 500 бала өлтірілген немесе майып болған; мектеп жасындағы 3,7 миллионнан астам бала – оның 60 пайызы қыздар – сабаққа бармайды; 3,8 миллионға жуық бала гуманитарлық көмек қажет етеді.