АҚШ сенаты Ресейдің Америкадағы президент сайлауына араласқаны жайлы есебін жариялады

Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына килігу мәселесін зерттеген арнайы прокурор Роберт Мюллер.

АҚШ сенатының барлау жөніндегі комитеті Ресейдің америкалықтар пікіріне ықпал ету мақсатында әлеуметтік желілерді пайдаланғаны туралы есеп жариялады. Есеп авторларының пікірінше, Кремль қолдауымен жұмыс істеген "тролльдер фабрикасы" Дональд Трамптың танымалдығын арттырып, қарсыласы Хиллари Клинтонның беделін түсіруді көздеген. Сенат жариялаған есеп АҚШ арнайы қызмет өкілдерінің осы мәселе бойынша жариялаған қорытынды есебімен сәйкес келеді.

АҚШ сенатының барлау жөніндегі комитеті әзірлеген есепте ресейлік "Интернет-зерттеу агенттігі" атқарған "жұмыс" әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан ірі ақпараттық соғыстың бір бөлігі ретінде сипатталады. Оның бастамашылары Америка қоғамын ыдыратуды көздеген.

Штаб-пәтері Санкт-Петербургте орналасқан, "Тролльдер фабрикасы" деген атпен белгілі "Интернет-зерттеулер агенттігі" Кремльмен жақын байланысы бар ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожинге тиесілі. Арнайы прокурор Роберт Мюллер де Ресейдің 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласуы туралы қорытынды есебінде осы агенттікті бірнеше рет атап өткен. АҚШ "тролльдер фабрикасымен" байланысты бірнеше заңды және жеке тұлғаға (арасында Пригожин де бар) санкция салған.

Бұған дейін Трамп пен оның жақтастары сайлау алдында Ресей билігімен ымыраласпағанын айтқан.

Оқи отырыңыз: "Ресейдің сайлауда жеңуіме көмектескеніне менің қатысым жоқ"