Түркия Сирияның солтүстігінде әскери операция бастады

Сирия шекарасына беттеп бара жатқан Түркияның әскерилері. 9 қазан 2019 жыл.

Түркия әскері 9 қазан күні кешкісін Сирияның солтүстігінде әскери операция бастады. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді.

Ердоғанның сөзінше, бұл операцияның мақсаты – ДАИШ террорлық тобымен және күрдтердің қарулы жасақтарымен күрес.

Анкара әскери операция арқылы Сирия мен Түркия шекарасының маңында қауіпсіз аймақ құрып, Сирия босқындарын осы жерге орналастыруды көздейді.

"Сирия демократиялық күштері", күрд және араб жасақтары одағы АҚШ бастаған халықаралық коалиция мен БҰҰ-ны Сирияның солтүстік-шығысында ұшақ ұшпайтын аймақ құруға шақырды. Олар Анкараның операциясы "гуманитарлық апатқа әкеледі" деп санайды.

Сирия сыртқы істер министрлігі Түркияның "қауіпсіз аймақ құру" идеясын "халықаралық құқықтарды бұзу" деп сынады.

Мәскеу бұл операцияға араласпайтынын, "ресейлік әскерилер Сирияда басқа мақсатта жүргенін" мәлімдеді.

Демалыс күндері Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сирияның солтүстік-шығысына әскер кіргізетінін жариялаған.

Оқи отырыңыз: Түркия Сирияға әскер кіргізбек. АҚШ бұл операцияға "араласпайды"

Сириялық күрдтер – АҚШ-тың "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күресте негізгі серіктесі. Ал Түркия күрд жасақтарын "террорлық топ" деп санайды.

6 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Түркия президенті Ердоған телефонмен сөйлесіп, Анкараның әскери операциясын талқылаған. Кейін Трамп әкімшілігі бұл операцияға қатыспайтынын мәлімдеп, америкалық әскерилер Сирияның солтүстік-шығысын тастап кете бастаған.

Бірақ Трамп "егер Анкара артық кетсе, Түркияның экономикасын күл-талқанын шығаратынын" айтты.