Тоқаев пен Бердімұхамедов ұстанымдарының "ұқсас" екенін атап өтті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 11 қазан 2019 жыл.

11 қазанда Түркіменстан астанасы Ашғабатта ТМД басшылары саммитінің отырысы алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.

Ақорда сайтының жазуынша, екі ел басшылары "аймақтағы жағдай, түрлі халықаралық формат шеңберінде өзара іс-қимылдар секілді ауқымды мәселелерді" талқылады.

Түркіменстанның ақпарат құралдарының жазуынша, екі ел басшысы мемлекетаралық экономикалық жобаларды жүзеге асыру, энергетика, көлік сияқты стратегиялық салаларда әріптестікті дамыту мәселесін талқылаған. Тоқаев пен Бердімұхамедов көптеген халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарының ұқсас екенін атап өткен.

Маусым айында 70 пайыздан астам дауыспен президент сайлауында жеңген Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет түркімен басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесіп отыр. Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы 9 маусымда өткен президент сайлауында бюллетеньдерді топтап салу сияқты заңбұзушылықтар болғанын айтып, сайлау күндері азаматтардың ұсталуын сынаған.

Биыл 29 маусымда 62 жасқа толған Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді. Ол - Сапармұрат Ниязовтан кейінгі елдің екінші президенті.

2017 жылы ақпанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 97 пайызы дауысын алған Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші мерзімге президент болып сайланған. Бұл елде президент жеті жылға сайланады.

Батыс бақылаушылары Түркіменстанда осы кезге дейін бір де бір сайлау әділ және еркін өткен жоқ деп санайды. Түркіменстан билігін сынайтындар мен құқық қорғаушылар Бердімұхамедовтің билікке келгелі өзгеше ойлайтындарды қудалағанын және айтарлықтай өзгеріс жасамағанын айтады.