АҚШ прокуратурасы Дональд Трамптың жеке адвокаты Рудольф Джулианиге қарсы тергеу жұмысын бастады деп хабарлады құпия дереккөзге сүйенген The New York Times басылымы.
Басылымның дерегінше, Джулиани "лоббизм туралы заңды бұзды" деген күдікке ілініп отыр. Іс "сайлау кампаниясын қаржыландыру ережесін бұзды" деген айыппен осы аптада ұсталған Лев Парнас пен Игорь Фруман ісімен байланысты. Прокурорлар Джулианидің АҚШ-тың Украинадағы елшісі Мэри Йовановичтің отставкасына қатысы бар-жоғын тексереді.
Джулианидің өзі "Йованович отставкасына қатысым жоқ" дейді. Бірақ көмекшілері және украин прокурорларымен бірігіп, Йованович және бұрынғы вице-президент Джо Байден мен ұлы жайлы ақпарат жинағанын мойындайды.
Украинада Байден мен оның ұлының қуғындалуы Трампқа импичмент жариялау процедурасын бастауға негіз болды. Associated Press агенттігі бұған дейін Джулиани тапсырмасын орындамағаны үшін Йовановичті қызметінен қуды деп жазған. Агенттік дерегінше, Джулиани оған Украина билігіне қысым жасап, Байденге қарсы істі қайта қолға алуына ықпал етуді тапсырған. Бірақ бұрынғы елші дипломатиялық протокол ережелерінің сақталуын талап етіп, Украина билігіне ресми түрде өтініш түсіруге кеңес берген.
Йованович Трампқа имичпимент жариялау мәселесі бойынша жақында конгресте өткен жабық тыңдауда сөйледі. The Washington Post басылымының жазуынша, бұрынғы елші Трамп қысым жасағандықтан отставкаға кетуге мәжбүр болғанын айтқан.