Сәрсенбі, 15 қазанда Бішкекте Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев айыпталған қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.
Атамбаев кәнігі қылмыскер Батукаев ісіне байланысты алдын ала сот тыңдауына екі рет шақырылғанда келмеген. Оған Батукаевты түрмеден заңсыз босату бойынша жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылған еді.
Бішкектің Бірінші май аудандық сотында басталған процесте Алмазбек Атамбаевтың сотқа келуден бас тартқан мәлімдемесі оқылған.
Биыл тамызда Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты 63 жастағы Алмазбек Атамбаевқа кәнігі қылмыскер Әзиз Батукаевты түрмеден заңсыз шығаруға байланысты айып тағылғанын хабарлаған. Қырғызстанда «бірнеше ауыр қылмыс жасаған, соның ішінде парламент депутаты мен құқық қорғау органы қызметкерін өлтірген» деген айыппен бас бостандығынан айрылған Әзиз Батукаев 2013 жылы сәуірде дәрігерлердің "айықпас дертке шалдыққан" деген қорытындысы негізінде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Егер сот Атамбаевты кінәлі деп таныса, 15 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Атамбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ол Қырғызстан құқық қорғау органдарына екі күн қарулы қарсылық көрсеткеннен кейін 8 тамызда қамауға алынған. Оған дейін ішкі істер министрлігі үш рет шақырғанда бармаған.