АҚШ конгресінің өкілдер палатасы президент Дональд Трамптың Сириядан Америка әскерін алып кету туралы шешімін айыптап, резолюция қабылдады.
Резолюцияда Түркия Сирия солтүстігіндегі әскери операциясын тоқтатуы тиіс деп жазылған. Конгресс өкілдері Ақ үйден "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күрес жүргізудің жоспарын көрсетуді сұрады.
Трамптың әскер алып кету туралы шешімін конгресте республикашылдар да, демократтар да сынады. Депутаттар аймақта содырлар тобы күшейіп кете ме деп қауіптенеді. Бұған дейін Пентагон "Ислам мемлекеті" тобының қайта жандануы мүмкін екенін ескерткен.
Дональд Трамп 16 қазанда өткен Вашингтондағы баспасөз жиынында "Түркия мен Сирия қалыптасқан мәселені шеше алатын шығар" деді. Трамп Вашингтон да мәселені реттеуге араласатынын айтты. Ол 17 қазанда вице-президент Майк Пенс Түркия президенті Режеп Ердоғанмен кездеседі деп бұл кездесуге үлкен үміт артатынын жеткізді. Ақ үй басшысы Пенс пен Ердоған дағдарысты шешу бойынша келісімге келе алмаса, Анкараға санкция салынады деп тағы ескертті.
9 қазанда Түркия Сирия солтүстігінде күрдтерге қарсы әскери операция бастаған. Анкара күрд жасақтарын "террорист" деп атап, Түркия аумағындағы сепаратистерге дем берді деп айыптайды. Вашингтон Анкара әрекетін сынағанмен оның әрекетіне араласпайды деп айтқан. Вашингтон күрдтерді "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күресте одақтас санайды.
Бұған дейін түрік шабуылынан қорғануға тырысқан күрдтер Сирия билігімен келісім жасасқан. Түрік әскерилері Дамаскі бақылауына өткен қалаға басып кірмейтіні айтылған.