Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирияда "Ислам мемлекеті" террористік тобының "бір жасақ құрамында болған" 14 адамға қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Оларға "террористік топ әрекетіне қатысты", "терроризмді насихаттады" және өзге де ауыр қылмыстар бойынша айып тағылған. Бұл ақпаратты 17 қазанда ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі таратты. Іс Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына жіберілген.
ҰҚК-нің дерегінше, "өзге мемлекеттік органдармен және шетел серіктестерімен бірлесіп", "Жусан" операциясы (Сириядан Қазақстан азаматтарын қайтару) аясында Сириядан 595 Қазақстан азаматы қайтарылған. Олардың 400-ден астамы - балалар.
"Қайтарылған адамдардың ішінде он ер адам мен бес әйел Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ (экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) халықаралық террористік ұйымының әрекетіне қатысу фактісі бойынша әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айрылды" делінген хабарламада.
2019 жылы шілде айында Қазақстан билігі "Жусан" операциясы барысында Сириядан 516 адамды жеткізгенін, олардың 360-ы бала екенін хабарлаған. Сириядан оралғандардың кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталды.
Оқи отырыңыз: Қазығұртта "ДАИШ-ты қолдады" деп айыпталған әйел сотталды
2018 жылы шілде айында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800-ге жуық азаматы кеткенін хабарлаған.