Ұлыбритания мен Еуропа одағы Брекзит жайлы жаңа келісімге қол қойды. Бұл ақпаратты бейсенбі, 17 қазанда Брюссельде Еуроодақ саммиті басталар алдында Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон мен Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер хабарлады.
Джонсон британ парламентін келісімді мақұлдауға шақырды.
Юнкер де екі жақтың келісімге келгенін растап, Еуропа одағы басшыларын құжатты қабылдауға шақырды.
Әзірге жаңа келісімнің мәтіні жарияланбады. Кеше, 16 қазанда Ұлыбритания Ирландия шекарасының мәртебесі жайлы Еуропа одағының талабына көнген еді. Әзірге белгілі мәліметтерге қарағанда, келіссөзге қатысушылар Ирландия теңізінде шекаралық кеден қызметін құру жөнінде келісімге келген.
Егер британ парламенті 19 қазанға дейін Брекзит туралы жаңа келісімге дауыс беріп үлгермесе, заң бойынша Борис Джонсон Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығу мерзімін 31 қазаннан әрі қарай жылжытуды сұрауы тиіс. Кейбір сарапшылардың пікіріне қарағанда, басым бөлігі Джонсон оппоненттерінен құралған қауымдар палатасы келісімді оңайлықпен қабылдай қоймайды. Лейбористердің айтуынша, егер Джонсон Брекзит туралы келісімге дауыс беруге шығарса, кейбір түзетулер енгізу үшін референдум өткізуді ұсынбақ.