Украинаның жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюросы бұрынғы президент Петр Порошенконың саяси серігі Олег Хладковскийді ұстады. Ол "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікке ілінді.
Бюро Facebook-тағы парақшасында ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының бұрынғы орынбасары Олег Хладковскийдің кінәсі дәлелденсе, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екенін хабарлады. Тергеу құпиялылығына байланысты істің жай-жапсары айтылмайды.
Бұған дейін парламенттің бұрынғы депутаты Сергей Лещенко әлеуметтік желіде жемқорлықпен күрес ұлттық бюросының Олег Гладковскийді Киев әуежайы маңындағы мейрамханада ұстағанын хабарлаған.
Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының орынбасары қызметін атқарған Олег Гладковскийді Порошенко наурыз айында отставкаға жіберген. Ол кезде жемқорлық туралы журналистік зерттеу жарияланып, шенеуніктің "ірі ақша жымқыру ісіне" қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Украинадағы президент сайлауына бір ай қалған кезде дау-дамай өршіп, Порошенконың сайлау кампаниясына де кері әсерін тигізген.