19 қазанда Әзербайжан астанасы Бакуде рұқсат етілмеген митингі алдында полиция ондаған оппозиция белсендісін ұстады. Азаттықтың Әзербайжан қызметінің хабарлауынша, ұсталғандар арасында оппозициялық "Халықтық фронт" партиясының жетекшісі Әли Керимли де бар.
Журналист Хадиджа Исмаилованың хабарлауынша, полиция рұқсат етілмеген митингі орнына жеткізетін үш метро станциясын жапқан. Қаланың басым бөлігінде интернет бұғатталған. Бұған дейін қала әкімшілігі белсенділерге Баку орталығында митингі өткізуге рұқсат бермеген, "заң талаптарын орындамағандарды қылмыстық жауапкершілікке де тартуы мүмкін екенін" ескерткен.
19 қазанда оппозиция "митингі орны" ретінде белгіленген аумаққа жұрт жинала бастаған кезде полиция жиналғандарды ұстап, автобуспен алып кетті. Ресми ақпарат бойынша, полиция 60 адамды ұстады.
Митингіні ұйымдастырушы - Демократиялық күштер ұлттық кеңесі саяси тұтқындарды босатып, әділ сайлау өткізуге жағдай жасауды, электр энергиясы, газ қолдану бойынша шектеуді жоюды, жәрдемақыны қайта қалпына келтіруді, Қарабах мәселесін шешуді талап етеді.
Бакуде полиция белсенділерді 17 қазаннан бастап ұстай бастаған. Ұсталғандардың басым бөлігі "ұсақ бұзақылық" және "полицияға бағынбау" баптары бойынша 10-30 тәулік аралығында қамалды.
Бұған дейін оппозиция белсенділері жергілікті биліктен митингі өткізуге рұқсат сұрап, үш орынды көрсеткен. Бірақ әкімдік қала сыртында өткізуді ұсынған. Жергілікті билік шешіміне наразы болған белсенділер қазан айының басында "бейбіт жиналу құқығын" талап етіп, акция өткізген.