Ресей стратегиялық ядролық күштерінің «Гром – 2019» жаттығуын президент Владимир Путин басқарған күні, 17 қазанда оқыс оқиға болған. Бұл ақпаратты Ресейдің «Ведомости» газеті Ресей қорғаныс министрлігіндегі екі дереккөзге сүйене таратты.
К-44 «Рязань» атом сүңгуір крейсері құрлықаралық баллистикалық зымыранды жоспардағыдай екі рет емес, бір-ақ рет ұшырған. Екінші зымыран ұшырғыш қондырғыдан шықпай қалған. Крейсер ұшпаған зымыранымен тұрақты орнына қайтқан.
Газет тілшісімен сөйлескендердің айтуынша, зымыранның ұшпай қалуына ұшырғыш жүйедегі ақау себеп болуы мүмкін. Ресей қорғаныс министрлігі «Ведомости» газетінің сұрағына жауап бермеген. «Рязань» атом сүңгуір крейсері 1977 жылы пайдалануға берілген, осыған ұқсас басқа сүңгуір қайықтардың кейбірі жойылған, кейбірі енді жойылады,-деп хабарлайды «Ведомости». Баллистикалық зымыранның атылмай қалуына крейсердің тозғандығы да себеп болуы мүмкін.
«Гром - 2019» жаттығуы барысында Ресей әскері 16 баллистикалық қанатты зымыран ұшыруы тиіс болған. Жаттығуға әскери кемелер, алысқа ұшатын ұшақтар, «Ярс» және «Искандер» кешені қатысқан.