Қылмыстық іске күдікті саналғандарды Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасын Гонконг ресми түрде қайтарып алды. Бұл ақпаратты Гонконгтің қауіпсіздік министрі Джон Ли таратты.
Аталған заң жобасы жаздың басынан бастап Гонконг халқын дүрліктіріп, қарсылық акцияларға шығуға түрткі болды. Заң жобасына қарсылар осы құжаттарды дисссиденттер мен әділетсіз сотталғандарды Қытай сотының қолына беру үшін пайдалануы мүмкін деп санайды.
Қарсылық акцияларының соңы жаппай қозғалысқа айналып, демократиялық өзгеріс жасауды талап ете бастады. Гонконг әкімшілігі заң жобасынан бас тартқанын бірнеше рет мәлімдесе де наразылық тыйылмады. Қарсылық білдірушілер заң жобасын ресми түрде қайтарып алу және Қытайдан Гонконгтің егемендігін қорғау жөнінде ұран көтеріп, наразылық акциясын үдете түсті.
Бірнеше айға созылған қарсылық акциялары кезінде полициямен қақтығыс та болды. Белсенділерді тарату мақсатында полиция күш қолданды, бір рет атыс қаруын пайдаланды. Мыңдаған адам жарақаттанып, екі жарым мыңнан астам адам қамауға алынды. Қарсылық білдірушілер енді қамауда отырғандарды босатуды талап ете бастады.
Қазіргі жағдайда күдікті саналған адамды Қытайға экстрадициялау - Гонконгтің 1997 жылы Қытайдың заң аясына көшкенге дейін жасаған келісімі негізінде жүзеге асырылады.