Трамп Сириядағы әскери операциясын тоқтатқан Түркиядан санкциясын алды

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Түркия президенті Режеп Ердоған.

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияның солтүстігіндегі күрд қарулы жасақтарына қарсы әскери операциясы үшін Түркияға бірнеше күн бұрын салынған санкцияның қайта алынғанын мәлімдеді.

Трамптың сөзіне қарағанда, санкция Түркия әскери операциясының тоқтауына байланысты алынған. Егер "Түркия АҚШ-тың көңілінен шықпайтын тағы да әлдене жасай қалса" санкция қайтадан күшіне енеді.

Трамп АҚШ-тың күш салуының арқасында қақтығыс тоқтады деп мәлімдеді. Ол Сирияның солтүстігінен Америка әскерін әкету туралы шешімінің дұрыстығына сенімді екенін тағы да қайталады. Трамптың сөзінше, жиі қақтығыс болатын ол өңірге жауапкершілікті өзге де елдер көтеруі керек.

Ол осыдан бірер күн бұрын Түркия мен Ресей келісімін тікелей атаған жоқ. Бұл келісім бойынша, Сирияның Түркиямен шектес аумағы Түркия бақылауына, ал өзге бөлігі Ресей әскері мен онымен одақтас Сирия президенті Башар Асад әскерінің бақылауына өтеді.

Түркия-Ресей келісімі бойынша, Ресей әскери полициясы сәрсенбі күні Сирияның солтүстігінде өздеріне белгіленген жерді шолып өтті. Ресей әскери полициясының колоннасы Евфрат өзенін кесіп өтіп, Сирия - Түркия шекарасына беттегені хабарланған.

АҚШ-тың Сирия солтүстігінен әскерін алып кеткенін сынаушылар көбейген. Соның ішінде АҚШ-тың жетекші екі партиясының танымал саясаткерлері Трамп Түркияның күрдтерге қарсы әскери операция жасауына мүмкіндік берді, Ресейдің Сирияға ықпалын күшейтті деп айыптаған еді.

Сәрсенбі күні Дональд Трамп АҚШ әскерінің шағын тобы мұнай кеніштерін күзету үшін Сирияның шығысында қалатынын мәлімдеді.

Ресей әскери полициясы Сирия аумағында 2016 жылдан бері жүр. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, әскери полиция Сириядағы Ресей контингентін қорғап, тәртіп орнатуға көмектеседі және өзіне белгіленген аудандарды бақылайды.