Қырғызстанның экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі мемлекеттік қызметі Қазақстаннан Қырғызстанға мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топты анықтады деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Құқық қорғау қызметкерлері шамамен үш шақырым жерге көмілген құбыр күніне 100 тонна мұнай өнімін Қазақстаннан Қырғызстанға заңсыз тасымалдап келген деп болжайды. Жасырын құбыр Шу облысы Кен-Булун елді мекенінде жүргізілген арнайы шара кезінде табылған.
"Қазіргі кезде нақты шығын көлемі, қылмыстық топ жетекшілері мен оған қатысы бар мемлекеттік орган өкілдері анықталып жатыр" делінген Қырғызстанның экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі мемлекеттік қызмет таратқан хабарламада. Ведомство дерегінше, заңсыз өнімдерді сақтаған қойма да анықталған.