Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік ұйым" ретінде танылған оппозициялық қозғалыстың "митингісі қарсаңында" Жаңаөзен белсенділері өздерін жаппай полицияға шақырта бастағанын хабарлады.
Жаңаөзен тұрғыны Мұратбай Жұмағалиевтің айтуынша, бірнеше күннен бері қалада белсенділерді полицияға жаппай шақырып жатыр. Өзі де 23 қазанда полиция шақыртуымен бөлімшеге барып, оның алдында өткен белсенді Ержан Елшібаевты қолдау акциясына байланысты түсініктеме жазған.
- Негізінен бас көтеретін, күнде ортаға шығып, сөйлеп жүргендерді шақырып жатыр. Полицияға барғанымда алдында өткен пикеттің заңсыз екенін ескертіп, түсініктеме жаздыртты, - деді ол 25 қазанда таңертең Азаттық тілшісіне.
Жаңаөзен тұрғыны Сәтмағамбет Бектілеевтің Азаттыққа айтуынша, бейсенбі, 24 қазанда полиция өзі жоқ кезде үйіне іздеп барған.
- Бірінші сыныпта оқитын қызым үйге полиция қызметкері келгенін айтты. Негізі бәрін шақырып жатыр. Жаңбыр деген ағамыз барды. Жадыра деген қызымыз бүгін барам деп отырған. 26 қазан күнгі митингіге шықпаңдар деп ескерту жасап жатыр, - деді Сәтмағамбет Бектілеев.
Бұған дейін Жаңаөзен белсендісі Ержан Елшібаевтың сотталуына байланысты қалада жалғызадамдық пикет өткізген Нұрлыбек Нұрғалиев те 23 қазанда полиция шақыртуымен бөлімшеде болып, түсініктеме жазғанын айтады.
- Олар рұқсат етілмеген митингіге қатыспау керегін айтып, жалғыз адамдық пикет үшін де өтініш жазу керек деді. Әкімдіктен рұқсат сұрау қажет деді. [Ержан Елшібаевты қолдау] Пикетіне қалай барғанымды, қалай камераға түсіргенімді, қалай интернетке шығарғанымды бәрін-бәрін баяндап, түсініктеме жаздым, - дейді ол.
Жаңаөзен белсендісі Шолпан Өтекеева да Азаттыққа өзін ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырғанын айтты. Ол бір күн бұрын Facebook-тағы парақшасында "26-шы қазанда болатын митингіге байланысты Жаңаөзенде қарапайым адамдарды қудалау басталды. Сұмдық" деп жазған еді.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Алматы мен Нұр-Сұлтанда да митингі қарсаңында белсенділерге қысым басталғанын хабарлаған. Алматыда саяси тұтқындарды босатуды талап еткен бірнеше белсенді әкімшілік қамауға алынып, айыппұл салынды.
Қазақстан билігінің дерегінше, 21 қыркүйекте бірнеше қалада "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған ұйым) "митингі орны" ретінде белгілеген жерлерде полиция шамамен жүз адамды ұстаған. Бұл оқиға қарсаңында ондаған адам полицияға шақырылып, кейбірі қамалды.
Билік ҚДТ-ның митингілерін "заңсыз" деп атайды. Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.