Бас прокуратура "Мәнізоров ісі" туралы: Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ескерту берілді

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов 30 қазанда Нұр-Сұлтанда журналистерге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды деп хабарлады.

- Қылмыс болмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл істі қозғап, зерттеген органға ескерту берілді, - деді Ахметжанов.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Марат Ахметжановтың айтуынша, бас прокурор "заңды бұзған адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру туралы" сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ескерту жасаған.

Сейсенбі, 29 қазанда жергілікті БАҚ адвокаттың сөзіне сүйене отырып, Мәнізоровтан барлық айып алынғанын хабарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірге түсініктеме бермеді.

Алматы облыстық әкімдігі 30 қазанда журналистерге Бағдат Мәнізоровтың жұмысқа шыққанын, қызметтік міндетіне кіріскенін хабарлады.

Мәнізоровтің үстінен қозғалған іс жайында ақпарат құралдарында түрлі мәіметтер тарады. "Время" басылымы Мәнізоровтың үстінен бастапқыда "пара алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейіннен "алаяқтыққа" ауыстырылғанын жариялады.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды.